Статья опубликована в рамках: XCI Международной научно-практической конференции «Современная психология и педагогика: проблемы и решения» (Россия, г. Новосибирск, 17 февраля 2025 г.)
Наука: Психология
Секция: Общая психология и психология личности
Скачать книгу(-и): Сборник статей конференции
дипломов
Қ.ЖАРЫҚБАЕВ ПЕН З.ФРЕЙДТІҢ ЭМОЦИЯНЫ ҚОЗҒАУШЫ КҮШ РЕТІНДЕ ҚАРАСТЫРУЫН САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУ
COMPARATIVE ANALYSIS OF K. ZHARYKBAYEV AND Z. FREUD'S VIEW OF EMOTIONS AS A DRIVING FORCE
Datkabek Akmaral
Kokshetau Shoqan Ualikhanov University, Student of the Department of English language and teaching methods,
Kazakhstan, Kokshetau
Koshanova Marash Tulegenovna
Scientific supervisor, PhD doctor, associate professor, Kokshetau Shoqan Ualikhanov University,
Kazakhstan, Kokshetau
АННОТАЦИЯ
Мақалада адамның сезімдерге әсерінің негізінде іс-әрекетте мүмкіндік туғызатын ішкі тітіркендіргіштердің қозғаушы күші ретінде эмоцияның бір қыры қарастырылады. Сонымен қатар, адамзаттың психикалық ахуалының тепе-теңдігі ішкі күйіне тығыз байланысты болуы эмоцияның әсерімен сәйкестендіріліп талданады.
ABSTRACT
The article discusses one of the facets of emotion as the driving force of internal stimuli that create opportunities in action based on a person's influence on feelings. In addition, the balance of the mental state of humanity is closely related to the inner state, which is analyzed in accordance with the influence of emotions.
Кілтті сөздер: психикалық құбылыс, сенімділік, позитивті эмоция, бейсана.
Keywords: mental phenomenon, reliability, positive emotion, the unconscious.
Эмоция – адамның ішкі жан дүниесін, оның қоршаған ортасына деген қарым-қатынасын бейнелейтін күрделі психикалық құбылыс. Ол біздің ойлауымызға, мінез-құлқымызға және қабылдауымызға тікелей әсер етеді. Эмоция ұғымының тамыры ежелгі дәуірлерден бастау алады, оны түсіну адамзат үшін маңызды болғандықтан, осы ұғымды зерттеу философия, психология, медицина сияқты әртүрлі ғылым салаларында орын алып келді. Латынның «emovere» сөзінен шыққан эмоция «қозғау», «сілкінту» дегенді білдіріп, адамның ішкі күйіне тән терең толқулар мен реакцияларды сипаттайды.
Қазақстандық психолог Қ.Жарықбаев пен австриялық психоаналитик Зигмунд Фрейдтің теорияларына сүйене отырып, эмоция ұғымына тереңірек үңілсек, олардың түсіндірулері әртүрлі, бірақ бірін-бірі толықтырып тұрады. Қ.Жарықбаев эмоцияны ұлттық мәдениетке негіздей отырып түсіндірсе [1], З.Фрейд эмоциялардың бастауын адамның бейсаналы түпкірлерінен іздеген [2]. Осы теориялар арқылы эмоцияның адам өміріндегі рөлі, оның психологиялық әсері және өмірдегі маңыздылығы айқындала түседі.
Эмоцияларды зерттеу арқылы біз адамдардың мінез-құлқын, мотивацияларын және олардың ішкі жан дүниесін тереңірек түсінуге мүмкіндік аламыз. Ол адамның психикалық және физиологиялық жағдайына ықпал етеді. айтсам, біздің ойлауымызға, қабылдауымызға және мінез-құлқымызға әсер ете алады. Мысалы, тұрақты күйзеліс немесе қорқыныш адамның денсаулығын нашарлатуы мүмкін, ал қуаныш пен тыныштық керісінше адамның көңіл-күйін жақсартады. Эмоция арқылы адам өз сезімін сыртқа шығарып, оған қоршаған орта әсер еткенін көрсетеді. Эмоциялар адамның қарым-қатынасында да үлкен рөл атқарады, себебі олар адамдар арасындағы жақындықты нығайтып, түсіністік қалыптастыруға көмектеседі. Оның қуаныш, қайғы, жылау, күлу,таңдану секілді көптеген түрлері кездеседі және әр эмоцияның өзінің атқаратын қызметі, пайда болу себебі бар. Эмоциялар адамның ішкі және сыртқы факторларға реакциясы ретінде пайда болады. Олардың пайда болу механизмі ми мен жүйке жүйесінің жұмысына тікелей байланысты. Жоғары жүйке жүйесі эмоциялардың орталығы болып табылады, онда белгілі бір жағдайға жауап ретінде түрлі гормондар мен химиялық заттар бөлінеді. Мысалы, қуаныш кезінде серотонин мен дофамин бөлінсе, қорқыныш кезінде адреналин бөлініп, денені қауіпке дайын болуға итермелейді.
Эмоциялардың пайда болу процесін түсіндіруде Қ.Жарықбаев эмоцияның ұлттық және мәдени факторларға байланысты туындайтынын, яғни адамдардың әртүрлі оқиғаларға әртүрлі әсер етуі мүмкін екенін айтады. З.Фрейдтің психоаналитикалық теориясында эмоциялардың бастауы адамның бейсаналы ойларында жатыр. Ол эмоциялардың балалық шақтағы тәжірибелерден бастау алатынын және адамның ішкі жан дүниесінде сақталатын жасырын сезімдерге байланысты екенін көрсетеді.
Жоғарыда айтып өткендей,эмоциялар бірнеше түрге бөлінеді, әрқайсысының адам өмірінде ерекше маңызы бар және психикаға әртүрлі әсер етеді. Атап айтсақ: қуаныш – бұл оң эмоция адамның көңіл-күйін жақсартып, өмірге деген қызығушылығын арттырады. Қуаныш серотонин және дофамин гормондарының бөлінуін қамтамасыз етеді, соның арқасында адам өзіне сенімдірек және қанағаттанарлық сезімде болады; қайғы – адамның жоғалту немесе сәтсіздік жағдайында сезінетін эмоциясы. Бұл эмоция арқылы адам өзінің ішкі сезімдерін түсініп, өзіндік рефлексия жасап, болған оқиғаларды қабылдауға тырысады. Қ.Жарықбаев қайғының адамның өмірлік тәжірибесін байытып, оны келесі қиындықтарға дайын ететінін атап өтеді; ашу – адамның өз құқықтарын қорғау немесе әділетсіздікке қарсы әрекет етуді қажет ететін эмоция. Бұл эмоция дұрыс бағытта қолданылса, адамға өз ойларын ашық айтуға көмектеседі. З.Фрейд ашудың негізінде бейсаналы деңгейде жиналған реніштер мен көңілсіздіктер жатқанын айтады; реніш – әділетсіз немесе құрметсіз әрекеттерге жауап ретінде пайда болатын теріс эмоция; қорқыныш – адамға қауіпті жағдайлардан сақ болуға көмектеседі. Бұл эмоция өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін адамның реакциясын жылдамдатады. Алайда қорқыныштың ұзаққа созылуы немесе шамадан тыс болуы адамның психологиялық денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін: жек көру – бұл эмоция адамның белгілі бір объектіге немесе әрекетке қарсы сезімін білдіреді. Жек көру адамның басқа адамдармен қарым-қатынасында кедергі жасауы мүмкін; таңдану – эмоцияның күтпеген оқиғаға жауап беруінен пайда болады. Бұл эмоция адамның қызығушылығын арттырып, жаңа нәрселерге бейімделуіне ықпал етеді; ұялу – өзінің іс-әрекеттері немесе сыртқы келбеті үшін қоғамдық ортада ыңғайсыздық сезіну; рахат – жақсы нәрселерге немесе ләззатқа ұмтылу сезімі; махаббат – біреуге деген терең сүйіспеншілік,мейірім мен қамқорлық сезімі; жұбатушылық – қиын жағдайдағы адамға көмек көрсету және оны қолдау сезімі; жауапкершілік сезімі – бір нәрсе үшін жауапкершілік сезіну немесе міндетті түрде орындау қажеттілігі.
Ескерте кететін жайт, бұл эмоциялар адамның жағдайына, оның тәжірибесіне және айналасындағылармен қарым-қатынасына байланысты әртүрлі түрде көрінуі мүмкін екенін де ұмытпаған жөн.
Эмоциялар адам өмірінде пайдалы әсер етіп қана қоймай, кейде жағымсыз әсер де бере алады. Пайдасы жағынан эмоциялар адамның әлемді түсінуіне, адамдармен жақын қарым-қатынас орнатуына көмектеседі. Мысалы, қуаныш пен таңдану эмоциялары адамға шабыт беріп, жаңа жетістіктерге жетуге мотивация. Эмоциялар өз-өзіне сенімділікті арттырып, жеке тұлғаның дамуына әсер етеді. Алайда, эмоциялардың зиянды жақтары да бар. Мысалы, ашу мен жек көру эмоциялары адамның қарым-қатынасын бұзып, жанжалдар туғызуы мүмкін. Қорқыныш, уайым сияқты эмоциялар ұзақ уақыт бойы сезілсе, адамның психикалық жағдайына кері әсер етеді. Сонымен қатар, эмоциялардың шамадан тыс болуы, әсіресе жағымсыз эмоциялар, стресс, депрессия және басқа да психикалық мәселелерге әкелуі ықтимал. Қ.Жарықбаев эмоцияларды басқару адамның психикалық денсаулығын сақтау үшін маңызды екеніне мән берсе, З.Фрейд эмоцияларды тереңірек түсіну адамның өзін тануына мүмкіндік береді деп санайды.
Эмоцияларды тиімді басқару – бұл адамның психикалық және эмоционалдық денсаулығын сақтап, оның өмір сапасын жақсартуға көмектесетін маңызды дағды. Эмоцияларды басқару үшін бірнеше тәсілдерді қолдануға болады: біріншіден, өз эмоцияларыңызды түсіну. Эмоцияларды басқарудың бірінші қадамы – оларды тану және түсіну. Өз сезімдеріңізді байқап, олардың қайдан пайда болатынын, қандай жағдайда күшейетінін немесе бәсеңдейтінін түсіну маңызды. Бұл үшін күнделік жүргізу немесе рефлексия жасау пайдалы болуы мүмкін. Қ.Жарықбаев эмоцияларды ұлттық мәдениет пен отбасылық құндылықтармен байланыстыра отырып, адамның ішкі сезімдерін терең түсіну маңызды екенін айтады; екіншіден, тыныс алу және релаксация. Тыныс алу жаттығулары мен релаксация әдістері эмоцияларды басқарудың тиімді жолдары болып табылады. Қорқыныш немесе ашу сияқты күшті эмоциялар кезінде тыныс алу тереңдетіліп, баяулатылады. Бұл денені тыныштандырып, жүйке жүйесін қалпына келтіруге көмектеседі. Медитация және йога сияқты тәсілдер де эмоцияларды басқаруға көмектеседі; үшіншіден, эмоцияларды сөзбен білдіру. Эмоцияларды іште сақтап, оларды сыртқа шығармау көбінесе стресске немесе күйзеліс күйіне әкелуі мүмкін. Эмоцияларды сөзбен жеткізу өте маңызды. Мұны сенімді адамға немесе жақын досқа айту, тіпті өз ойларыңызды қағазға түсіру арқылы жүзеге асыруға болады. Эмоцияларды ашық түрде білдіру адамға жеңілдік әкеледі; төртіншіден, эмоционалды интеллек пен эмпатияны дамыту. Эмоционалды интеллект – өз және басқа адамдардың эмоцияларын түсіну және олармен дұрыс әрекет ету қабілеті. Бұл қабілетті дамыту үшін өз-өзіңізді бақылап, басқа адамдардың эмоцияларына көңіл бөлу қажет. Эмпатия – бұл басқа адамның сезімдерін түсіну және оған сәйкес әрекет ету қабілеті, бұл қарым-қатынас жасаудың және эмоцияларды дұрыс басқарудың кілті болып табылады; бесіншіден, жағымды ойлау және позитивті эмоциялармен жұмыс жасау. Қуаныш, ризашылық, таңдану сияқты позитивті эмоцияларды дамыту арқылы адам жағымсыз эмоцияларды жеңе алады. Позитивті ойлау – өз өміріңіздің жақсы жақтарын көруге және қиын жағдайлардан сабақ алуға көмектеседі. Бұл адамның жалпы көңіл-күйін жақсартып, стрессті азайтады; алтыншыдан, шектен тыс эмоциялардан сақтану. Эмоциялардың шамадан тыс көрінуі, әсіресе жағымсыз эмоциялар, адамды күйзелістен және агрессиядан сақтауы керек. Ашудан кейін тыныштық сақтап, ойлану және терең дем алу арқылы эмоциялардың үдеуін бақылау маңызды. Мұндай жағдайларда өзін сабырлы ұстау эмоциялардың күшін жеңуге көмектеседі; жетіншіден, физикалық белсенділік. Жаттығулар мен физикалық белсенділік эмоционалды жағдайды тұрақтандыруға көмектеседі. Дене жаттығулары эндорфиндердің бөлінуін ұлғайтып, адамның көңіл-күйін көтереді. Спорт немесе жаяу жүру сияқты іс-әрекеттер эмоцияларды теңестіруге ықпал етеді. Бұл ретте, қолайлы орта құру маңызды. Қоршаған орта, адамдармен қарым-қатынас және өзіңізді жайлы сезіну эмоцияларды басқаруға үлкен әсер етеді. Қ.Жарықбаев эмоцияларды оңтайлы басқару үшін психологиялық атмосфераның маңыздылығын атап өтеді. Сондықтан қолайлы орта, сүйіспеншілік, қолдау және жайлы жағдайлар адамның эмоцияларына оң әсер етеді. Демек, эмоцияларды тиімді басқару үшін өзін-өзі тану, дұрыс тыныс алу, эмоциялармен жұмыс жасау және жағымсыз сезімдерге дұрыс көзқараспен қарау қажет. Эмоциялар тек адам өмірінде рөл атқаратын психикалық процестер ғана емес, оларды дұрыс басқару арқылы адам өз өмірін жақсартуға және өзінің ішкі тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік алады.
Қорыта келгенде, эмоциялар адам өмірінде маңызды рөл атқарады. Олар тек ішкі сезімдерімізді білдіріп қана қоймай, сыртқы әлеммен қарым-қатынасымызды да қалыптастырады. Эмоцияларды түсіну және бақылау – бұл адамның психологиялық денсаулығын сақтау үшін аса қажет дағды. Эмоциялар адамның көңіл-күйіне, мінез-құлқына, және өмірге деген көзқарасына әсер етеді, сондықтан оларды дұрыс басқара білу өте маңызды. Эмоцияларды бақылау адамның өмірін жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, ашу немесе қорқыныш сияқты жағымсыз эмоцияларды басқару адамды жағымсыз жағдайлардан сақтап, өз-өзімен және басқалармен үйлесімді қарым-қатынас орнатуға көмектеседі. Қуаныш, таңдану сияқты позитивті эмоциялар адамды өмірге деген оң көзқарасқа баулып, шығармашылыққа, жаңа идеяларға және жетістіктерге жетуге ынталандырады. Бұл эмоциялар адамның физикалық және психологиялық денсаулығына оң әсер етеді, өйткені олар стрессті жеңілдетіп, қуаныш пен тыныштық сезімін қалыптастырады. Позитивті эмоцияларды дамыту үшін адам алдымен өз ішкі сезімдерін түсініп, оларды сыртқа шығарудың дұрыс жолдарын табуы керек. Қ.Жарықбаев позитивті эмоцияларды дамыту үшін ұлттық мәдениетке, отбасылық құндылықтарға назар аударуды ұсынады, өйткені олар адамға қоғамда өмір сүрудің маңызын түсінуге көмектеседі. З.Фрейд эмоциялардың терең бейсаналы түпкірлерін зерттей отырып, адамға өз ішкі жан дүниесін түсінудің маңызды екенін айтады.
Болашақта жоғарыда сөз болған ғалымдардың зерделеуін маманның өзін-өзі анықтауына байланысты өзін тануда әдістеме ретінде қолдану «Мен» тұжырымдамасының моделін жасауға мотивация болады. Себебі, эмоциялармен жұмыс істеудің басты жолы – өз-өзіңді түсіну және оларды дұрыс бағытта басқару. Демек, эмоцияларды басқару және позитивті эмоцияларды дамыту – адамның өмір сапасын жақсартуға және оның психологиялық тепе-теңдігін сақтауға ықпал ететін маңызды дағды.
Әдебиеттер тізімі:
- Жарықбаев Қ. Жалпы психология. Алматы 2004 ж. ТОО «Эверо». 384 бет.
- Фрейд З. Введение в психоанализ. Лекции 1-15. Перевод Г.Б.Барышниковой Алетейя СПб, 1999 г.
- Жарықбаев Қ. Жантану негіздері. Алматы, 2009 ж. 403 бет.
- Д.Ривкин, М.Райан. Әдебиет теориясы: Антология. 2-том. – Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2019. – 372 бет. Б.169
дипломов
Оставить комментарий