Статья опубликована в рамках: Научного журнала «Студенческий» № 14(310)
Рубрика журнала: Медицина
КҮНДІЗГІ СТАЦИОНАР ЖАҒДАЙЫНДА ШИЗОФРЕНИЯМЕН АУЫРАТЫН НАУҚАСТАР ҮШІН ПСИХИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫН ӘЗІРЛЕУ ЖӘНЕ ЕНГІЗУ
DEVELOPMENT AND IMPLEMENTATION OF A PSYCHOEDUCATIONAL PROGRAM FOR PATIENTS WITH SCHIZOPHRENIA IN A DAY HOSPITAL SETTING
Altynai Turar
master's student, Medicine, "Kazakhstan Medical University 'KSPH'" LLP,
Kazakhstan, Almaty
Lyudmila Bespalova
scientific supervisor, Candidate of Medical Sciences, Associate Professor at the Department of Psychiatry and Narcology, Kazakh National Medical University named after S.D. Asfendiyarov,
Kazakhstan, Almaty
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада күндізгі стационар жағдайында емделетін шизофрениямен ауыратын науқастар үшін қысқа мерзімді психикалық білім беру бағдарламасын әзірлеу және енгізу процесі сипатталған.Психикалық білім беру шизофренияны емдеудің кешенді тәсілінің маңызды элементі болып табылады.
ABSTRACT
This article describes the process of developing and implementing a short-term psychoeducational program for patients with schizophrenia undergoing treatment in a day hospital setting. Psychoeducation is a crucial component of a comprehensive approach to treating schizophrenia.
Кілтті сөздер:шизофрения, психикалық білім беру, күндізгі стационар.
Keywords: schizophrenia, psychoeducation, day hospital.
Кіріспе. Шизофрения – бұл галлюцинациялар мен сандырақ, ойлаудың бұзылуы және басқа да оң симптомдармен қатар, апатия, абулия, алогия, эмоционалды және әлеуметтік оқшаулану сияқты теріс симптомдардың, сондай-ақ мінез-құлық пен когнитивті бұзылулардың үйлесімімен сипатталатын кең таралған психикалық ауру[1]. Шизофренияны тек медикаментозды емдеу әдетте тиімді болмайды, бұл ауру психотерапиялық бағыттағы араласуды талап етеді. Бұл араласулар науқастарға ауру туралы түсінік қалыптастырып, емделуге деген ынтаны арттырады.
Зерттеу мақсаты: шизофрениямен ауыратын науқастарды емдеу және оңалту жүйесіндегі психикалық білім берудің тиімділігі және әсерін бағалау.
Зерттеу материалдары және әдістері: Зерттеу жұмысы Алматы қаласындағы ШЖҚ ҚМК «Психикалық сауықтыру орталығы» күндізгі бөлімінің науқастарына негізделіп, МКБ-10 бойынша шизофрения диагнозының критерийлеріне сәйкес жүргізілді. Зерттеуге қатысқан науқастар(n=60)екі топқа бөлінді: негізгі және бақылау. Негізгі топтағы науқастар(n=30) стандартты емдеуден бөлек, психикалық білім беруге қатысты, ал бақылау тобындағы науқастар (n=30) тек медикаментозды ем алды. Негізгі емдеу тобының науқастарына 6 сабақтан тұратын «Психикалық білім беру» терапиясы жүргізілді. Психикалық білім беру: «психикалық аурудың даму себептері мен механизмдері», «аурудың өршуінің ерте белгілерін анықтау», «дәрілік терапия», «аурумен күресу жолдары немесе оны қалай жеңуге болады», «психиатриялық көмек», «қорытынды сессия» сабақтарын қамтыды.
Бағдарламаның мақсаты:науқастардың стационарлық емге қатысты негативті көзқарасын азайту;аурудың жеке белгілерін тану дағдыларын қалыптастыру; психикалық бұзылуларды емдеу туралы түсінік қалыптастыру: емдеу ұзақтығы, кезеңдері, әртүрлі медициналық және психологиялық көмектерді алу мүмкіндіктері, дәрілік терапияның маңызды рөлі;өзін-өзі бақылау дағдыларын дамыту, коммуникативтік тиімділікті арттыру,емделуге бейімділікті (комплаенс) қамтамасыз ету, ремиссияның ерте басталуына қол жеткізу.
Бағдарламаның міндеттері:анозогнозияны жеңу мақсатында пациенттерге психикалық ауру туралы ақпарат беру;ауру белгілерін уақтылы тануға үйрету;комплаенттілік деңгейін жоғарылату;қарым-қатынас және күрделі жағдайлармен күресу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік беретін терапиялық орта құру; пациенттер арасындағы өзара қатынастарды жақсарту, олардың әлеуметтік желілерін құру немесе кеңейту;аурудың қайталануын (қайта госпитализацияны) алдын алу.
Сабақтар аптасына 3 рет 60-90 минут, 4-5 адамнан тұратын жабық топтарда өткізілді.Ақпараттық модульдерге аурулар туралы мәліметтер, олардың себептері, созылмалы сипатқа назар аудара отырып, барысы, болжамы және аурулардың жеке ерекшеліктері кірді.Бұл зерттеуде шизофрениямен ауыратын науқастарды емдеу және оңалту жүйесіндегі психикалық білім берудің тиімділігі және әсерін бағалау үшін клиникалық зерттеуде кеңінен танымал және халықаралық деңгейде мойындалған позитивті және негативті,жалпы психопатологиялық симптомдар шкаласы (Positive and Negative Syndrome Scale – PANSS) пайдаланылды[2]. Пациенттердің емдеу жоспарына бейімділігін(комплаенс) бағалау үшін MARS (Medication Adherence Rating Scale) шкаласы қолданылды[3].
Қорытынды. Психикалық білім беруді науқастарды емдеу жүйесіне енгізу қазіргі психиатриялық көмекті қайта құрудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, психикалық білім беру бағдарламасы шизофрениямен ауыратын науқастарды емдеу мен оңалтуда тиімді құрал ретінде қызмет етеді. Бұл бағдарлама психопатологиялық симптомдардың ауырлығын төмендетумен қатар, емделуге деген ынтаны арттыруға да көмектеседі. Болашақта қосымша зерттеулер психикалық білім беру бағдарламасының ұзақ мерзімді әсерін зерттеуге бағытталуы мүмкін.
Әдебиеттер тізімі:
- Kay, S. R., Opler, L. A., Fiszbein, A. The Positive and Negative Syndrome Scale (PANSS) for Schizophrenia. Schizophrenia Bulletin, 1987, Vol. 13, No. 2, pp. 261–276.
- National Institute of Mental Health. Schizophrenia. Available from: https://www.nimh.nih.gov/health/topics/schizophrenia [Accessed 01st December 2022].
- Thompson, K., Kulkarni, J., Sergejew, A. A. Reliability and validity of a new Medication Adherence Rating Scale (MARS) for the psychoses. Schizophrenia Research, 2000, Vol. 42, Issue 3, pp. 241–247.
Оставить комментарий